• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Желтоқсан, 2017

Петропавл теміржол вокзалына эскалаторлар  орнатылады

240 рет
көрсетілді

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен  «Ресей теміржолы» «ААҚ Оңтүстік Орал»  филиалының басшысы  Виктор Поповдың кездесуінде  Петропавл  теміржолы вокзалына  жаңғырту жұмыстарын жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Петропавл қаласы  Ресейдің шекаралас аймақтарымен ірі серіктес орталық болып саналады. Биыл  Оңтүстік Орал теміржолы арқылы  791 мың тонна жүк,  700 мыңдай жолаушы тасымалданған. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіштер артып келеді.  Соңғы бес жылда  біріккен кәсіпорындар саны 152-ге жеткен.

«Соңғы екі жыл  ішінде  көліктік инфрақұрылымды дамытуға инвестиция үш есе артық салынып, 80 миллиард теңгені құрап отыр. Ресей шекарасына дейінгі жолдар қалпына келтірілуде», деді  Қ.Ақсақалов.  

Ресейлік мейман өз сөзінде Петропавл теміржол бөлімшесінің  көлік-логистикалық инфрақұрылымдық маңызына  тоқталып,  2018-2019 жылдар аралығында  ауқымды жаңғырту шаралары жүргізілетінін,  жобаның әзірленіп, қаражаттың бөлінгенін жеткізді. Осылайша жүргіншілерге сапалы  қызмет көрсетудің барлық мүмкіндіктері жасалатын болады.

Жоба бойынша  ғимараттардың  іші-сырты заман талабына сәйкестендіріліп, эскалаторлар орнатылып,  мүгедек жандар үшін де қолайлы жағдайлар тудырылады. Қоғамдық көліктер, аялдамалар вокзалға жақындатылып,  алаңдар абаттандырылады. Заңды түрде қызмет істейтіндер үшін арнайы орындар ашылады.

Сөз арасында  Петропавл теміржол құрылымы  «Ресей теміржол» ААҚ Оңтүстік Орал филиалына қарайтынын айта кеткен жөн.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы